archive ШОҚАН УӘЛИХАНОВ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУШІ

Серубаева А.Т.

Астана (Казахстан)

Шоқан Уәлиханов қазақтан шыққан тұңғыш ғалым, ол Қазақстанның және Орталық Азия халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуші. Шоқан Қазақстанның және Орталық Азия халықтарының тарихын зерттеу үшін жазба деректерді және халық ауыз әдебиетінің үлгілерін тарихи дерек ретінде пайдаланды. Ол қазақ және қырғыз халықтарының «Едіге», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Манас» сияқты жырларын тұңғыш рет жазып алып, оларды орыс тіліне аударды. Ғалым сондай-ақ, «Шайбанинама», Әбізғазының «Шежіре-и түрк», Қадырғали Жалайыридың «Жамиғ ат-тауарих», Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» шығармаларын, Алтын Орда хандарының жарлықтарын, Қашғардан әкелген «Тазкира-йи Сұлтан Сатұқ Бұғра хан», Мұхаммед Садық Қашғаридың «Тазкира-йи қожақан» қолжазбаларын Орталық Азия халықтарының тарихын зерттеуде кеңінен пайдаланды және оларды ғылыми айналымға бірінші болып енгізді...